Айналсақ та айтулы тұлғаға біз,
Жаратқанның алдында құл ғанамыз.
Көңіл бөлген адамға құлдық ұрып,
Өмір берген Құдайға бұлданамыз.
Бұлданамыз, жібіне жабыспаймыз,
Бар мақтауды басқаға бағыштаймыз.
Кәсіп берген адамды жақын тартып,
Нәсіп берген АЛЛАдан алыстаймыз.
Түбі бірақ өлімнен сау кетпейміз,
Жойыламыз жоқ болып жау жетпей біз.
Мақтап жүрген адамға алғыс айтып,
Сақтап жүрген Тәңірге тәубе етпейміз.
Бостан-босқа уақытты шығындаймыз,
Қысылғанда "АЛЛА-ай!" деп шырылдаймыз.
Пара берген адамға бара беріп,
Сана берген АЛЛАға бұрылмаймыз.
Шетімізден асқақпыз, телегейміз,
Өзімізге ешкімді теңемейміз.
Көмек берген адамға құрмет қылып,
Қорек берген Құдайды елемейміз.
Неге?..