ЖІГЕР
ЖІГЕР

Сондай-ақ Алланың мәрхаметінен күдер үзбеңдер. Өйткені, Алланың рахметінен, қарсы болған қауым ғана күдер үзеді...

"Юсуф" сүресі, 87-аят

"Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер еді, онда Ол сендерді, таңертең аш кетіп, кешке қарындары тойып қайтатын құстарды қалай ризықтандырады, сендерді де солай ризықтандырар еді."

Хадис

 

Дүние - бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ тайса мал менен бас құралмаған.

Күніне мың бір пәле көрсең-дағы,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан.

Қара өлең

 

Алла асыраған пенде аш болмайды.

Абай

 

"Біттім енді, құрыдым!

Қатал тағдыр құтылмастай салды маған құрығын.

Құласам да биіктен,

Жыласам да күйіктен.

Енді менің жамалмайды жыртығым,

Бүтінделмес сынығым.

 

Кілтін іздеп ашық тұрған есіктің,

Бақытымнан құр қалып,

Уақытымнан кешіктім".

деп күбірлеп отыр екен бір жігіт,

Ауласында мешіттің.

 

Әлгі адамға жақын барып бір адым,

"Неге сонша түңілдің?" деп сұрадым.

- Тағдырыңның көтере алмай сынағын,

Қайғырардай мұншама,

Сабыр етіп бір шама,

Айтшы досым, қай биіктен құладың?

 

- Е,еһ, бауырым!..

Мені көрген мынау жұрт өтіп жатыр не демей,

Соқыр қоғам біз секілді мүгедекті елемей,

Тастаған соң бар өмірден түңілдім,

Қара жерге шығып қалған кемедей.

Бар кезімде, бай кезімде қанша адам,

Жабысып ед(і) кенедей.

Соның бірі қалмаған соң қасымда,

Қаусап қалдым қан жүрмейтін денедей.

 

Ойын-сауық құрмастан,

Күндіз-түні еңбек еттім тынбастан.

Қолым жетті ағыл-тегіл байлыққа,

Тірі жанға еш қиянат қылмастан.

Мен осындай әлсіз халге түскен соң,

Айырылдым бір дос емес, мың достан.

Біле алмадым,

Мүгедекті менсінбеу бұл өмірдің заңы ма,

Жара салып жаныма,

Жарым кетті жарым түнде сырласқан.

Ол түк емес..,

Қызым кетті Қырымға,

Ұлым кетті Рұмға,

Әкесіне мойынын да бұрмастан.

Содан бері күліп өткен көздерімді мұң басқан,

Жүріп өткен іздерімді құм басқан.

 

Иә, иә, Ж-А-Р-Л-Ы-М-Ы-Н!!!

Мен жарлымын жан таппаған түсінетін зар-мұңын.

Жаңа сездім кең дүниенің тарлығын.

Енді маған кім келіп жұбатуын айта алады,

Қайтарады кім осының барлығын?!.

 

- Жо-о-оқ, достым түңілме!

Бәрі жақсы болады ғой түбінде.

Алла өзі берер ертең есесін,

Ертең емес, бере бәлкім бүгін де...

 

Жалғыз сен бе биігінен құлаған,

Жаратқанның жұмағына кіреді,

сынағына шыдаған.

Барлық адам бақытты емес бауырым,

Аяқ-қолы болғанымен дін аман.

 

Қанша бай жүр мұң сығып,

Шығын шықса шыбын жаны тұншығып.

Бақыт деген ендеше,

БАЙЛЫҚ емес, бауырым,

Бақыт деген - Бір Құдайға құлшылық!

Қолыңды соз бақытыңа құлшынып.

 

Адамдардың барлығына,

Ол аз десең тағдырыңа арта берме сен өкпе,

Мұның бәрі осыншама қайғыруға себеп пе?..

Саған мысал айтайыншы керек пе?

Баяғыда екі бақа байқамай,

Күмп етіпті қаймақ толы шелекке.

 

Қос бақаның біреуі жыласын кеп өкіріп,

Тағдырына мұндай сынға тастаған,

Бойына да бір шелектен аспаған.

Жалпы айтқанда.., бақа болып туғанына өкініп.

Ал, сыңары жігерлі, сыр бермейтін, сынбайтын,

Мақсатына жетпегенше тынбайтын.

"Құтқаршы!" деп тура келген ажалдан,

Құдайына дұға етті өтініп.

 

Созылыпты ұзаққа өмір-өлім майданы,

(Жақсы бола қоймайды ғой жай бәрі.)

Үміт үзген көлбақа хош айтысты досымен,

Бірге өскен шалшық суда сайдағы.

Ал екінші бақа болса тырбаңдауын қоймады,

Әңгімеге құлақ түрмей қайдағы.

Тырбың-тырбың шалпылдата берген соң,

Май боп қатты қаймағы...

 

Мысалымды түсін мейлі, түсінбе,

Бақытты адам болам десең жетеді оған ақылың да, күшің де.

Адам деген жасау керек әрекет,

Ең аяғы сорлы болу үшін де.

Сөз соңында айтатыным бауырым,

Бақыт деген - мешіттің сыртында емес, ішінде!

Арман БердалинАрман Бердалин
2 жыл бұрын 654
2 пікір